Астанада ҚР Қарулы Күштері әскери психологтарының жиыны өтуде
АСТАНА. 21 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы десантты-шабуылдаушылар бригадасында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлері офицер-психологтарының жиыны басталды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Әскер түрінің барлық бөлімдері мен құрылымдарынан жиналған жүзге жуық психолог үш күн бойы өздерінің психологиялық төзімділіктерін көрсететін болады.
Офицерлер алғаш рет стресстік жағдайдағы өзін-өзі бақылау әдістері мен жеке құрамның психологиялық дайындық әдістерін тәжірибе түрінде пысықтайды. Дені әйел әскери қызметшілерден тұратын әскери психологтар танк штурвалына отырып, от пен судан тұратын түрлі кедергілерді жүріп өтеді.
Сонымен қатар, жиын шеңберінде жауынгерлік жағдайдағы жедел психологиялық диагностика көрсететін және қажетті психологиялық жәрдем жасайтын нүктелер ұйымдастырылған.
Сондай-ақ, жиынға қатысушыларды болуы мүмкін психогендік шығындарды анықтап, олардың алдын алуға үйретеді.
Аталған іс-шара әскери қызметшілердің ұйымдастыру-әдістемелік және тәжірибелік дайындығын жетілдіру мен қалыптастыру үшін жыл сайын өтіп тұрады.