Астанада ҚР ҚОҚМ жанындағы Қоғамдық экологиялық кеңес отырысы өтті

АСТАНА. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі жанындағы Қоғамдық экологиялық кеңес отырысы өтті.

Астанада ҚР ҚОҚМ жанындағы Қоғамдық экологиялық кеңес отырысы өтті

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен хабарлады.

ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровтың төрағалығымен өткен Кеңес отырысы жұмысына орталық мемлекеттік органдардың, бағынысты және үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Қоғамдық экологиялық кеңес мүшелері БҰҰ-ның климаттың өзгеруі туралы Негіздемелік конвенцияның XVIII Конференциясының нәтижелерін талқылады.

Баршаға белгілі болғандай, Қазақстан Киото хаттамасының екінші кезеңінде осы құжаттың «Б» қосымшасына қатысушы елдер қатарына қосылады. Бұл елімізге парниктік газдардың шығарындар көлемін негізге алынған 1990 жылғы көрсеткіштерден 5%-ға қысқарту міндетін жүктейді. Киото хаттамасының міндеттерін орындаудың 2013 жылдың 1 қаңтарында басталатын екінші кезеңі 8 жылға созылып, 2020 жылдың 31 желтоқсанында аяқталмақ.

Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар экологиялық реттеу және бақылау жүргізудің жаңа үлгісінің тұжырымдалық жобасын талқылады.

Мемлекеттік экологиялық қызметін реформалау өндірістік кешеннің табиғатқа келтіретін кері әсерін тұрақтандыру және біртіндеп азайтудың жолдарын іздестіруге бағытталып отыр. Бұл тұжырымдаманың іске асырылуы қоршаған ортаны қорғау саласындағы өкілетті органның еліміздің өндірістік кешенімен өзара қарым қатынасының тиімділігін арттырып, оның қызметінің жалпы жақсаруына жеткізу тиіс.

Кеңес мүшелері Қазақстанның Орхус конвенциясының орындалу барысымен, оның ішінде - қоғамның ақпаратқа қолжетімдігін, оның қоршаған орта мәселелері бойынша шешім қабылдауға қатысуы және сот әділдігіне қол жеткізуі бойынша міндеттердің жүзеге асырылуын талқылады.

Сондай-ақ, отырысқа қатысушылар салалық мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру бойынша ұсыныстар енгізді.