Астанада ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрі халықтық музыка ансамблінің концерті өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Шабыт» Қазақ ұлттық Өнер универитетінде ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрі жаңа маусымын жариялап, оны халықтық музыка ансамблі ашты.

Астанада ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрі халықтық музыка ансамблінің концерті өтті

«Бүгінгі концертті ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің халықтық музыка ансамблі ашып отыр. Ол ведомствоның тұңғыш басшысы Амантай Күреңбековтың қолдауымен өтуде. Жалпы айтқанда, ҚР МКҚ Президенттік оркестрінің миссиясы - Қазақстанды халықаралық музыка аренасында танытып, шетелдік тыңдарман мен көрерменді музыка арқылы біздің бай мәдениетімізбен, тарихымыз және салт-дәстүрімізбен таныстыру», - деді ансамбль жетекшісі лейтенант Әбілғазы Ахмадиев.

Оның айтуынша, халықтық музыка ансамблі 14 адамнан құралған. Олардың ішінде Жандос Мұхтаров, Бақытжан Дүйсенғазиев, Ербол Мұхамедиев сынды халықаралық және республикалық конкурстардың жүлдегерлері бар.

«Бұл концерттің басқалардан айырмашылығы біз халқымыздың төл туындыларын орындап қана қоймай, басқа халықтардың ұлттық музыкасы мен эстрадалық әндерді де қазақтың ұлттық аспаптарымен орындауымызда. Мұны бұрыннан белгілі музыкалық туындыларға жаңаша көзқарас деп атауға да болады», - деп толықтырды ол.

Сондай-ақ, ансамбль жетекшісінің айтуынша, биыл ұжымның ел аумағында және шетелдерге гастрольдік сапарлары жоспарланған.

Айта кетейік, 1997 жылы құрылған бұл ансамбльде домбыра тартудың түрлі мектептері (шертпе, төкпе), халық әндерін орындаудың орталық, оңтүстік, батыс мектептері кеңінен насихатталады.