Астанада ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 22-ші жалпы мәжілісі өтеді
Бұл туралы ҚазАқпаратқа Индустрия және сауда министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Алдағы мәжілістің тақырыбы - «Қазақстанның әртараптану және технологиялық даму саясатына шетелдік инвесторлардың қатысуы» деп аталады. 22-ші мәжілістің маңызды тақырыбы бойынша Қазақстан тарапынан Индустрия және сауда министрі Ә. Исекешев, шетелдіктер тарапынан Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Т. Мирова бандама жасайды деп күтілуде. Сонымен қатар, мәжілісте «Азия даму банкі», Шеврон», «Шелл», «Би Джи Групп», «Евразиялық табиғи ресурстар корпорациясы», «АрселорМиттал», «ЛУКОЙЛ», «Тоталь», «ЭНИ» корпорациясы, «КонокоФиллипс», «Дойче Банк Франкфурт», «Джей Пи Морган», «Ernst & Young Global», «Бейкер және Макензи Интернэшнл», «Мицубиси Корпорэйшн», «ТелиаСонера» сынды компаниялардың басшылары баяндама жасамақ. Мәжіліс аясында Мемлекет басшысы және Премьер-Министр Кеңестің құрамына кіретін шетелдік компаниялардың басшыларымен екі жақты кездесулер өткізеді деп жоспарлануда.
Кеңес кеңесші-консультативтік орган болып табылады. Оның аясында Қазақстанның инвестициялық қызметінің және инвестициялық ахуалының мәселелері талқыланады. Кеңестің құрамына шетелдіктер тарапынан 25 ірі компания мен халықаралық ұйымдар кіреді. Кеңестің жалпы мәжілісі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен жылына екі мәрте өткізіліп тұрады.