Астанада ҚР Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясы түлектерінің бесінші форумы өтуде
АСТАНА. 25 қараша. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясы түлектерінің бесінші форумы өтуде.
Биыл форум Алматы және Лондон қалаларында бір уақытта ұйымдастырылды.
Аталмыш шара аясында 70-тен астам жұмыс берушінің қатысуымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі және білімдерін кеңейтетін семинарлар өтті.
ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, "Болашақ" ассоциациясы кеңесінің төрағасы Бауыржан Байбектің атап өткеніндей, соңғы өткізілген екі жәрмеңке оның тиімділігін көрсетті.
"Соңғы екі жылда болашақтықтардың саны күрт артты. Олардың барлығы да өздеріне жұмыс тауып, қызметтерін сәтті атқаруда. Мен "Болашақ" өкілі ретінде айта аламын, қазір бұрынғы болашақтықтар өздерінің кейінгі ізбасарларына жетекшілік етіп, шетелдік ЖОО-ны жаңа бітірген түлектердің жұмысқа орналасуына көмек қолын созып жатыр", - дейді Б.Байбек.
Сонымен қатар форумда жырақта білім алып келген мамандарға өзін-өзі жұмыс берушінің алдында қалай таныстыру керектігін, келешекте жетістікке қол жеткізудің жолдарын үйрететін тренингтер мен дәрістер өткізілді.
Б. Байбектің айтуынша, кейінгі барған жастардың ақпараттық технологиялар, зымыран құрастыру, нано- және биотехнологиялар, әуе техникасы салаларында алған білімдері елдің индустрияландыру саясаты аясында өте қажетті мамандықтар болып табылады. Сондықтан оларды жұмысқа орналастыру бойынша еш қиындықтар туындамауы тиіс.