Астанада ҚР Президенттік мәдениет орталығының 10 жылдық мерейтойына арналған «Руханият ордасы» атты мерекелік кеш өтеді
АСТАНА. 5 қараша. ҚазАқпарат - 8 қараша күні сағат 18-00-де Қазақстан Республикасының Президенттік мәдениет орталығында осы орталықтың 10 жылдық мерейтойына арналған «Руханият ордасы» атты мерекелік кеш өтеді.
Кеште «Ұлттық дәстүрлер театрының» әншілері мен бишілері мерекеге арнап концерт қояды. Сондай-ақ онда мерейтойға орай он жыл бойы өздерінің үлгілі қызметтерімен көзге түскен қызметкерлер Мәдениет министрлігінің марапаттау қағазымен марапатталады.
Сондай-ақ онда «Елбасы және Елорда» атты көрме ұйымдастырылады деп күтілуде. Көрме «Тәуелсіз Қазақстан», «Шежіре», «Астана» деп аталатын үш бөлімнен тұрады. Ұсынылған көрмеде Еуразия құрлығының ең әдемі қалаларының біріне айналған Қазақстанның жас астанасының қалыптасу кезеңдері мен Астананы құруға қайталанбас қолтаңба қалдырған Елбасының ерен еңбектері көрініс тапқан. Көрмеге келушілер онда Астана қаласының бұрынғы тарихы мен бүгінгі жарқын келбетінен мағлұмат беретін тарихи фотосуреттерді, 50 құжат пен 52 планшетті тамашалайтын болады.
Шараға Парламенттің, Үкіметтің, Президенті Әкімшілігі мен Мәдениет министрлігі, дипломатиялық корпус, Астана қаласы әкімдігі мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары шақырылып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенттік мәдениет орталығы Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен 2000 жылдың 24 қазанында ашылған болатын. Елбасы бұл орталықты мәдениет пен өнердің, ғылым мен білімнің, ең бастысы руханияттың шаңырағы болсын деген ниетпен ашқан еді. Орталық бүгінгі таңда бес түрлі бағытта қызмет атқарады: Қазақстан Республикасы Мемлекеттілігінің тарихы музейі, Қазақстан Республикасы мемлекеттілігі және Президенттік институтын зерттеу ғылыми зертханасы, кітапхана, концерт залы - «Ұлттық дәстүрлер театры», «Мәдени мұра» журналы.