Астанада ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған деректі кино апталығы өтеді

АСТАНА. 25 қараша. ҚазАқпарат - 2013 жылғы 26 қараша - 1 желтоқсан аралығында Астанада Назарбаев Орталығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Тұңғыш-Первый» деректі кино апталығы өтеді. Бұл туралы astana.kz сайтына орталықтың ақпараттық-имиджілік жұмыс қызметінен хабарлады.

Астанада ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған деректі кино апталығы өтеді

Кино апталығы аясында 26 қараша күні сағат 13.00-де Назарбаев Орталығының көрме залында «Н. Назарбаев. Өмірбаян», ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының қызметін жан-жақты бейнелейтін интерактивті экспозициясының ашылу рәсімі өтеді.

Апта бойы Елбасының өмірбаяны мен қызметінің сан алуан қырын бейнелейтін 8 деректі фильм көрсетіледі. Кино апталығының әрбір күні тәуелсіз Қазақстан тарихының қилы кезеңі мен мемлекеттің дамуындағы Н.Ә.Назарбаевтың рөліне арналады. Күн сайын сағат 14.00 мен 17.00-де екі киносеанс көрсетіледі. Аудиторияның басым бөлігін, 4 мыңға жуығын жоғарғы оқу орны мен колледж студенттері, жалпы білім беретін мектеп оқушылары құрайды. Үздік оқушыларға ұйымдастырушылар атынан естелік сыйлықтар беріледі.

Жоспарланған шараны өткізетін күндері Елбасымызбен қызметтес болған белгілі отандастарымыз, қоғам және саяси қайраткерлер, назарға ұсынылатын деректі фильмнің авторлары қатысатын кездесулер өтіп, талқыланбақ.