Астанада ҚР Тұңғыш Президентінің күніне орай А.Дінікеевтың жеке сурет көрмесі өтеді

Мерейтойлық есептік көрмеге әр жылдары түрлі техникада салынған 100-ден астам экспонат қойылады. Мұражай коллекциясынан 8 жұмыс ұсынылады, қалған картиналар А.Дінікеевтың жеке коллекциясынан алынған.
«Мені халық мотиві және мифология қызықтырады. Ұлттық ойындар көбінесе халықтың жан рухын жеткізеді, сол себепті, оны өз шығармашылығымда қолданамын. Тарихи тақырып та мен үшін жат емес. Соңғы жылдары өз мәнерімді, ойымды жеткізу құралдарын тапқан сияқтымын. Ал өнертанушылардың ісі - бұл картиналардың жанрын анықтау. Соңғы жылдары жақсы әрі жемісті жұмыс істеп жүрмін, бұған қуаныштымын», - дейді көрменің авторы А.Дінікеев.
Көрмеде «Тұңғыш Президенттің Астанаға келуі», «Бақыт құсы», «Болашаққа секіру», «Ойна, сырнай», «Мен шексіз әлемде, жер шарында, квадратта», «Жаңа қазақтар», «Ұшатын татар», «Суретші мен періштелер», «Той күні жақындады», «Музыка», «Жайлауға» және т.б. еңбектер көпшілік назарына ұсынылады.
Айта кетейік, туындылардың басым бөлігі бірқатар тарихи оқиғаларға арнап салынған. Халықтың еңбегі, тұрмысы, салт-дәстүрлері, кентаврлар, фантастикалық пейзаждар табиғатпен үйлесімділіктің көркемдік көрінісі ретінде автордың шығармашылығында ерекше орын алады.
Асғат Ахметвафиеұлы - Астана қаласының белгілі суретшілерінің бірі. 1969 жылдан бері облыстық, аймақтық, республикалық және шетелдік көрмелерге қатысады. Суретшінің еңбектері еліміздің көптеген қалаларында, таяу және қиыр шетелдерде ұсынылған.