Астанада ҚР Заңгерлері одағының қалалық бөлімшесі ашылды

«Меніңше, осы іспетті беделді әрі бастамашыл ұйымның астаналық бөлімшесін ашу арқылы біз заң саласындағы көптеген мәселелерді шеше аламыз. Енді, бұл жұмысқа қаладағы заңгерлік қауымдастықтың белсенді өкілдерін кеңінен тарту қажет», - дейді қала әкімінің орынбасары Ерсайын Нағаспаев.
Оның айтуынша, бүгінде заңгер-мамандарды бір ұйымның аясында топтастырып, жұмыс жасау тәжірибесінің маңызы зор. Мәселен, АҚШ-та Америка заңгерлерінің қауымдастығы бар. Бүгінде аталған ұйым құқықтық жүйені барынша қамтып, кәсіби этикадан бастап саяси маңызы бар заңдарды әзірлеу жұмысына белсенді түрде қатысып келеді. Оның ішінде Жоғарғы сот пен федералды судьяларды тағайындау, әділет министрлігінің жоғары лауазымды тұлғалары мен прокурорларды қызметке алу мәселелері бар. «Біз осындай әлемдік тәжірибеден тыс қалмауымыз қажет. Қазақстан Республикасы заңгерлері одағы да бұндай жетістікке жетеді деген үміт бар», - деп атап көрсетті Е.Нағаспаев.