18:27, 17 Наурыз 2014 | GMT +5
Астанада кранмен қақтығысып қалған автобустың 5 жолаушысы жансақтау бөліміне түскен
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жүк көтергіш «КамАЗ» көлігімен қақтығысып қалған автобустың 5 жолаушысы жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды «Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы» акционерлік қоғамының баспасөз қызметінен.
«Бүгін ірі жол апатында 15 адам жарақат алды. 13 адамды жедел жәрдем қызметі алып келді, қалған екеуі кейін өздері хабарласқан. 5 пациенттің жарақаттары ауыр болғандықтан, жансақтау бөліміне жатқызылды. 3 адам жалпы палатада түрлі жарақаттармен емделіп жатыр, сондай-ақ 7 жастағы бір бала №2 қалалық балалар ауруханасына жолданды. Жансақтау бөлімінде жатқандар негізінен бассүйек және мидің жабық жарақаттарын, сонымен қатар бірнеше сүйек сынықтарын алған адамдар, халдері ауыр, дегенмен денсаулықтары тұрақты қалыпта сақталып отыр», - деп хабарлады Республикалық жедел жәрдем қызметі.
Еске сала кетейік, аталмыш жол-көлік оқиғасы бүгін Астана-Қосшы тас жолында таңертеңгі сағат 8.17 шамасында орын алды.