Астанада креативті жастар фестивалі өтіп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде тұңғыш рет «RocketFest» атты жастарға арналған кең ауқымды ойын-сауық-білім фестивалі өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айтулы шара жастардың өзін-өзі тануы мен дамыту идеологиясын насихаттауды, олардың жеке және кәсіби қасиеттерін дамытуға ықпал етуді көздейді. Сол сияқты жас қазақстандықтардың мақсат-мүдделеріне, қажеттіліктері мен талап-тілектеріне бағытталған.
Елордада алғаш ұйымдастырылып отырған фестивальға 12 мен 22 жас аралығындағы 3 мыңнан астам оқушы және студент өтінім беріп, оның ішінде іріктеу кезеңінен өткен 1 мыңнан астам жас ауқымды шараға қатысып жатыр.
Жастардың алдында түрлі салада айтарлықтай жетістіктерге жеткен, арнайы шақырылған спикерлер - ғылым мен білім өкілдері, танымал блогерлер мен вайнерлер, медиа және қоғамдық пікір көшбасшылары, СЕО, IT-стартапшылар, табысты бизнесмендер сөз сөйлеп, өз білім-тәжірибелерімен бөлісті.
«Бәсекеге қабілетті жас ұрпақты қалыптастыру - кез келген мемлекеттің басты міндеті. Егер олар белсенді түрде қатыспаса, біз даму жолында айтарлықтай табысқа қол жеткізе алмаймыз. Тұңғыш Президент қоры талантты жастарға үнемі қолдау көрсетіп, жастардың өзін-өзі танытуларына ықпал ететін іс-шараларды, жобаларды қолдайды әрі белсенді түрде жүзеге асырады», - деді ҚР Тұңғыш Президенті қоры халықаралық бөлімінің басшысы Әлкей Марғұланұлы. 
Оның айтуынша, «RocketFest» форматы сөз сөйлеушілердің өз ауыздарынан құнды ақпарат алып, өздерін толғандырып жүрген сұрақтардың жауабын білуге мүмкіндік береді.
«Келешекте «RocketFest» фестивалінің шекарасын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Осы секілді шараларды еліміздің түрлі өңірлерінде өткізу мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Болашақта мыңдаған жастарды және ІТ, ғылым мен технология салаларында әлемге танымал спикерлерді қатыстыра отырып фестивальды кең ауқымда өткізу жолдарын ойластырудамыз», - деп атап өтті Әлкей Марғұланұлы.
Фестивальдың бағдарламасы «IT», «Әлеуметтік медиа» және «Ғылым» атты үш модульге бөлінді. Олардың әрқайсысы бірнеше нақты бағыттарды қамтиды. 

