Астанада кроссфиттен халықаралық чемпионат басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қ. Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда кросфиттен кәсіпқойлар арасындағы чемпионат жалауын көтерді. Дүбірлі дода елордамызда екінші рет өткізіліп жатыр. Жарыста Қазақстанның аймақтарының және ресейлік атлеттер күш сынасады. Бұл туралы қаланың ресми сайты хабарлады.

Астанада кроссфиттен халықаралық чемпионат басталды

- Кроссфиттің жылдан жылға дамып келе жатқанын білеміз. Аталған спорт түріне әуес жандар саны күннен күнге артып келеді. Бұл спорт ерекше философияны қажет етеді. Халықаралық турнирге еліміздің аймақтары мен Ресейден келген спортшыларға алғысымды білдіремін, - дейді Астана қаласының дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаев.

Жарысқа қатысушылар екі күн бойы дене жаттығуларының жеті түрінен сайысқа түседі, соның ішінде ауыр атлетикалық, гимнастикалық, кардиожаттығулар және басқалары бар.

- Кроссфит - адамның дене даярлығын жан-жақты дамытуға бағытталған спорт. Нағыз кроссфиттер барлық жүктемелерге дайын болуы керек. Осы күндері біз осыны тексеретін боламыз, - деді CrossFit Astana директоры Ерік Қарабаев.

Жарыста 50 жуық атлет елорданың намысын қорғайды. Турнирге жақында ашылған «Теміртау батыр» клубының кроссфиттері қонақ ретінде келіп отыр.

- Былтыр өткен турнир біздің алғашқы жарысымыз болды. Өз бағымызды сынауға келдік, спортқа беріліп кеттік. Онымен шындап айналысатын болдық. Бұл ерекше спорт, спортшы бәрін білуге тиіс, жарысқа келгенде небәрі бір аптаның ішінде оған дайындалып үлгеруің керек. Басқа спорт түрлері ондай емес, - дейді «Теміртау батыр» клубының қатысушысы Владислав Терехин.

Айта кетейік, ертең стадионда чемпионаттың ақтық сыны өтеді. Ал 20 тамызда елордада  CrossFit Astana Bolashak Cup 2016 корпоративтік турнирі, 27 тамызда кроссфиттен әуесқойлар арасындағы жарыс ұйымдастырылады. Оған 200 астам адам қатысады деп күтілуде.