Астанада «Құқықтық тәртіп» шұғыл алдын-алу шарасы өтіп жатыр - ІІД

АНА. Тамыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Үстіміздегі жылғы тамыздың 5-і күні Астана аумағында басталған «Құқықтық тәртіп» шұғыл алдын-алу шарасы барысында Ішкі істер департаменті, шетелдік азаматтардың топтасып өмір сүретін жерлерін және ұрланған көліктерді іздеп-табу үшін

Астанада «Құқықтық тәртіп» шұғыл алдын-алу шарасы өтіп жатыр - ІІД

жекеменшік гараж аумақтарын тексеріске алатын болады. Бұл туралы бүгін журналистерге берген сұхбатында ІІД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Батырлан Есенбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құқықтық тәртіп» шұғыл алдын-алу шарасын өткізудегі басты мақсат - қылмыспен күресті күшейту, құқықбұзушылықтардың алдын алу және жою, сондай-ақ қоғам қауіпсіздігі мен тәртіпті қамтамасыз ету.

«Аталмыш іс-шара барысында ішкі істер органдарында профилактикалық есепте тұрған азаматтар және сақтауда ату құралдары бар тұлғалар тексеріске алынып, ату құралдары мен жарылғыш заттарды заңсыз сақтау, қала аумағына есірткі заттарын заңсыз әкелу фактілерін анықтауға және олардың жолын кесуге жіті назар аударылатын болады», - деді ол.

Сондай-ақ елорда аумағына уақытша келген шетелдік азаматтардың топтасып өмір сүру жерлері, ұрланған автокөліктерді іздеп-табу үшін жекеменшік гараж аумақтары тексеріліп, криминалдық полиция қызметкерлері соңғы екі-үш жылда іздеуде жүрген азаматтарды табу бойынша шұғыл шаралар қолданатын болады.

«Құқықтық тәртіп» шұғыл алдын-алу шарасын өткізу кезінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қадағалау мақсатында Ішкі істер департаменті каменданттық күзет жүргізетін болады.

Іс-шара тамыз айының 10-ына дейін жалғасады.