Астанада «Құлпырған көктем» атты суретшілер көрмесі өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 5 наурыз күні сағат 16.00-де Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Назарбаев орталығында «Құлпырған көктем» атты суретшілер көрмесі ашылады. Оған елорданың 13 суретші аруларының төл туындысы қойылады, деп хабарлайды аталмыш мекеменің баспасөз қызметінен.
Көрмеге қойылатын суретші аруларымыздың қылқаламынан шыққан картиналарында әйел затының сұлулығы айқын сезіледі. Олардың аса нәзік, ерекше рухани танымынан туған туындылары сан қырлылығымен және қарама-қайшылығымен көзге түседі. Өйткені, суретші қыздарымыз бұл туындыларында сұлулықтың эстетикалық танымы мен сезім тұңғиығына сүйенеді.
Көрмеге көркемөнер туындыларымен қатар, сәндік қолөнер туындылары да қойылады. Өнерсүйер қауымның назарына А.Әбжанова, А.Алпысбаева, Р.Ахметжанова, А.Есімова, Л.Жанпейісова, Н.Лигай, Д.Нугер, Е.Ралина, В.Слабоспицкая, А.Көлке, Г.Тәтібаева, Г.Телғозиева, Н.Терещенко сынды қылқаламды серік еткен өнер иелерінің шығармалары ұсынылады.
Бұл еңбектер еліміздегі қазіргі заманғы өнердің бағыты мен негізгі стилін айқындайды.