Астанада күніне 30 қаңғыбас ит пен мысық ауланады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы аумағында күн сайын 30 қаңғыбас ит пен мысық ауланады. Бұл туралы қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада күніне 30 қаңғыбас ит пен мысық ауланады

«Елорданың ветеринария қызметі күн сайын шамамен 30 қаңғыбас ит пен мысықты аулайды. Және қаңғыбас иттер мен мысықтар келіп түскен өтініш бойынша ұсталады. Сол сияқты бүгінде қала аумағында иттер мен мысықтарды уақытша ұстайтын 2 орын бар. Олар жергілікті бюджет есебінен күн көріп отыр. Қала аумағында ауланған иттер мен мысықтар уақытша орында 2 айдай болады, одан әрі үй жануарларының тағдырымен волонтерлер айналысады», - деді Дәулет Досқұлов елорда мәслихатының тұрақты комиссия отырысында.

Осы орайда аталған басқарма 2022 жылы қаңғыбас ит пен мысықты аулап, күтім жасауға қала бюджетінен 178 млн теңге бөлуді сұрап отыр.

«Жалпы біз қаңғыбас үй жануарларына қатысты біраз елдердің тәжірибесін зерделеп келеміз. Таяуда ғана Брижит Бардо жануарларды қорғау қорының жетекшісі Брижит Олуа елордаға арнайы келді. Жүздестік, мәселені талқыладық. Тәжірибе бар, жоспар бар, біз тек үй жануарларын қорғау туралы заңның қабылдануын күтіп отырмыз. Егер жуырда заң қабылданса, онда үй жануарларын қорғау мен күтім жасауға арналған жұмыс жүйесі де өзгереді», - дейді ол.

Сондай-ақ, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы жабайы ит пен мысықтардың бір жерде тұрақтамай, үнемі көшіп-қонып жүретінін айтты.


валюта
Ұқсас жаңалықтар

Апта басында доллар бағамы қандай