Астанада күннің суытуына байланысты сабақтардың тоқтатылу параметрлері белгіленді

АСТАНА. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат - Астанаға биыл қыс кеш түскенімен, алты айға созылатыны бар. Әсіресе, желтоқсан, қаңтар, ақпан айлары аязымен ерекшеленеді. Ал, бұл уақытта қаланың білім беру мекемелерінде уақытша сабақ тоқтатылады, деп жазады елордалық ресми сайтта.

Астанада күннің суытуына байланысты сабақтардың тоқтатылу параметрлері белгіленді

"Қыс айларында күн суытқан кезінде 1-4-сынып аралығында -25 градус және одан төмен болғанда сабақ тоқтатылады. -30 градус және одан төмен болса, 1-9-сыныптарда, -35 градус және одан төмен болса, 1-11(12) сыныптарда, кәсіптік лицейлерде, колледждерде (1-2-курс студенттері үшін) сабақ тоқтатылады", - дейді Астана қаласы Білім басқармасы бөлімінің басшысы Мәдина Сүлейменова.

Сабақты тоқтату хабарламасы таңертеңгі 6.30-дан 7-ге дейінгі уақытта және түскі 12.15-тен 12.45-ке дейінгі аралықта «31 канал», «СТВ» арналарында жүгіртпе жолдар арқылы беріледі. Ал «Еуразия», «Қазақстан», «Хабар» арналары ақпаратты дауыстық хабарламамен жеткізіледі.

Бұл жұмыс оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалды. Ал мектеп бағдарламасынан қалып қойған пәндер қосымша сабақтар арқылы игеріледі. Айта кету керек, сабақтың тоқтатылғаны туралы ақпаратты 118-01, 169, 109 телефон нөмірлері арқылы және Астана қаласының ресми сайты www.аstana.gov.kz арқылы да алуға болады.