Астанада құны 12 млн. теңгеден асатын жез кабельді қолды етпек болғандар ұсталды

АСТАНА. 8 мамыр. ҚазАқпарат - Елордада Алматы аудандық ІІБ қызметкерлері кабельді ұрлады деген күдікпен 6 адамды құрықтады.
None
None

Бұл туралы астаналық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Астаналық тәртіп сақшылары «Стражник» ЖШС күзет агенттігінің мамандарымен бірлесіп, 6 адамды қылмыс орнында қолға түсірді.

Олар құрылысы қолға алынған нысанның аумағынан құны 12 млн. теңгеден асатын жез кабельді әкетпекке әрекеттенген.

Тергеу барысында күдіктілердің бірінің бұған дейін аталмыш нысанда күзетші болғандығы анықталды. Ол кабель ұрлығын ойластырып, өз жоспарын танысына айтқан. Арам пиғылдарын іске асыру өзге адамдарды да тартқан. Жеңіл нәпақаға қарық болғысы келгендер оқиға орнына екі көлікпен келді. Ұрыларды тінту барысында айғақ заттар табылды.

Қолға түскендердің бесеуі бұған дейін сотталған болып шықты.

Қазіргі таңда күдіктілер Астана қалалық уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Олардың үстінен ҚР ҚК 175 бабының 4-ші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр.

Соңғы жаңалықтар