Астанада құрамында зиянды қоспалары бар кеспе табылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда супермаркеттерінің бірінде сатылып жатқан кеспе құрамынан жоғары деңгейдегі гендік-модификацияланған ағзалар (ГМА) анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне сілтеме жасап.

Мекеме басшысы Сәдуақас Байғабыловтың айтуынша, аталмыш тауарлар қаладағы сауда орындарында қолданыстағы азық-түлік тауарларына мониторинг жүргізу кезінде анықталған.

«Салмағы 86 грамдық «Юккедян» (BowlNoodleSoup «YUKGAEJANG»)» атты тез әзірленетін лапша құрамындағы ГМА тиісті нормадан 0,9%-ға артық. Өнім Корея Республикасы Сеул қаласында шығарылған. Сондай-ақ, аталған өнімнің қорапшасында ГМА туралы ақпарат көрсетілмеген», - делінген департамент хабарламасында.

Өнім Астана қаласы, Есіл ауданы Е 319 көшесіндегі 2Б нысанда орналасқан «Грантум» жеке кәсіпкерлігіне қарасты Family супермаркетінен табылды. Ал сараптама жұмысы Астанадағы ұлттық сараптама орталығының халықаралық аккредиттелген зертханасының базасында жасалды. Қазіргі уақытта департамент сауда нүктелеріне шара қабылдап, қауіпті өнімдерді сатылымнан алып тастау және жауапты тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстарын жүргізуде.

Айта кетейік, гендік модификацияланған ағзалар - гендік инженерия әдістерінің көмегімен жасанды түрде генотипі өзгертілген тірі ағзалар.

Еске сала кетейік, тауардан ГМА анықталған жағдайда 8 (7172) 31-61-81 телефонына хабарлауға болады.

Соңғы жаңалықтар