Астанада Құрбан айт күндері құрбан шалатын орындар белгіленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылы 4-6 қазан күндері Құрбан айт мерекесіне орай, ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкілдігінің ұйымдастыруымен бірқатар іс-шаралар өткізіледі.

Астанада Құрбан айт күндері құрбан шалатын орындар белгіленді

«4 қазан күні астаналық мешіттерде Құрбан айт намазы таңғы сағат 08:00-де оқылады. Намаздан кейін «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан» мешіттерінің ауласында жалпы жұртшылыққа арналған мерекелік жәрмеңке ұйымдастырылады. Құрбандық шалу рәсімі - 4-6 қазан күндері Астана қаласында арнайы белгіленген орындарда ғана атқарылады», - деп атап өтті ҚМДБ Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов.

Оның мәліметінше, Астана қаласы әкімдігінің құрбандық малдарын сатуға және союға рұқсат еткен орындар саны - алтау. Олар:

1. «Алтын таға» мал базары, «Қарқаралы» тас жолы.

2. «Нұрбереке 555» ЖШС, Автобустар: 1, 7, 36, 38, 41, 43, 120, 126, 130.

3. «Пищекомбинат-Астаналық плюс» ЖШС, Автобустар: 5, 12, 16, 26, 42.

4. «Шаушен» шаруа қожалығы,

5. «Темеш» шаруа қожалығы, Автобустар: жоқ;

6. «А.Есжанова» ЖК, Автобус: 38.

Сондай-ақ, бас имамның айтуынша, 4 қазан күні 14:00-де «Әзірет Сұлтан» мешітінің ауласында спорттық ойындар сайысы өтіп, сонымен қатар, ардагерлерге арналған мерекелік дастарқан жайылады. Осы күні «Төлебай» мешітінде жалпы жамағатқа мерекелік дастарқан жайылады.

«4-6 қазан күндері Астана мешіттерінің қызметкерлері қаладағы мұқтаж жандардың үйлеріне арнайы барып айт мерекесімен құттықтап, азық-түлік және құрбандық еттерімен көмек көрсетеді. Сондай-ақ, ауруханалардағы сырқат жандардың көңілін сұрап, айттық сыйлықтар таратады. Ал 5 қазан күні сағат 16:00-18:00 аралығында «Нұр Астана» орталық мешітінің ұйымдастыруымен «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығында «Құрбан айт құтты болсын!» атты мерекелік концерт өтеді», - деп атап өтті Наурызбай қажы.

Сонымен қатар, 5 қазан күні Астана мешіттерінің ұйымдастыруымен «Жетеудің бірі бол да, Раббың үшін құрбан шал!» қайырымдылық акциясы «Алтын таға» мал базарында өтеді. Ал 4-6 қазан күндері «Қайырымды, ізгі кісі көгерер, ізгі кісі - халық жүгін көтерер» атты республикалық акция аясында қала мешіттерінің қызметкерлері Астана әкімдігімен бірлесе отырып, құрбандық еттерін мұқтаж жандарға үлестіреді.

«6 қазан күні «С.Ғылмани» және «Шейх Күнта қажы» мешіттерінің ұйымдастыруымен Астана қаласындағы «Қарттар» үйінде «Қарттарым - асыл қазынам» деген атпен мерекелік рухани кеш өтеді. Ал Құрбан айттың үш күнінде де «Нұр Астана» орталық мешітінде жамағат арасында Құрбан айт мерекесіне арналған сұрақ-жауап сайысы ұйымдастырылады. 5 қазан күні «Әс-Сәлам» мешітінде жалпы жамағатқа мерекелік дастарқан жайылады», - деді өкіл имам.