Астанада Құрбан айт күндері құрбандық малдарын сату және сою «Алтын таға» базарында жүзеге асырылады
АСТАНА. 16 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласында Құрбан айт күндері құрбандық малдарын сату және сою Қосшы кентінің маңында орналасқан «Алтын таға» базарында жүзеге асырылады.
Астана қаласы әкімдігінің шешімімен, Құрбан айт мерекесі атап өтілетін 16, 17 және 18 қараша күндері құрбандыққа шалынатын малдарды сату және оларды сою бұрынғыдай елорда мешіттерінің (4 мешіт бар) аумағында жүзеге асырылмайды. Бұл күндері санитарлық талаптарды сақтау үшін діни рәсімдерді орындауға бір ғана орын белгіленіп отыр. Ол Қосшы кентінен (Астанадан 16 шақырым) 2 шақырым жердегі «Алтын таға» мал базарында орналасады.
Базар аумағында жүк машиналары мен жекеменшік көліктер тоқтайтын тұрақтар, қасапқаналар мен ет бұзатын орындар дайындалды. Онда сондай-ақ міндетті түрде мешіт қызметкерлері, қасапшылар, тазалықшылар, тәртіп сақшылары, медицина қызметкерлері мен тиісті басқа да құрылымдар орналасады.
Сондай-ақ мұсылмандардың ыңғайы үшін айт күндері «Нұр Астана» мешітінің алдынан «Алтын таға» базарына дейін №27 жолаушылар автобусы қатынайтын болады. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бұл күндері аталмыш бағытқа қосымша 15 автобус шығарады. Автобустың жүру сызбасы: Теміржол вокзалы - Біржан сал көшесі - Есенберлин көшесі - Республика даңғылы - Қабанбай батыр даңғылы - «Астана - Қосшы» тас жолымен - «Алтын таға» базарына дейін. Автобус кері бағытта осы сызба бойынша жүреді.
«Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Қалижан қажы Заңқоевтың айтуынша, айт күндері әлеуметтің әлсіз тобына жататын жандарға мереке сезімін сыйлау үшін «Алтын таға» мал базарында шалынатын құрбандық еттері Алматы, Сарыарқа және Есіл аудандарының әкімдіктері ұсынған тізім бойынша жағдайы төмен және көп балалы отбасыларға, қарттар үйіне, мүгедектер мен зағип жандарға үлестірілетін болады. Құрбандық малдардың еті «Нұр-Астана мешіті» (Қабанбай батыр көшесі 21) мен «Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінде» (Қошқарбаев көшесі, 95) таратылады.