Астанада Құрбан айт мерекесіне орай бірқатар шаралар ұйымдастырылуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін мұсылман қауымының ұлық мерекесі - Құрбан айттың бірінші күні. Таңертең мешіттерде айт намазы оқылуда. Мереке үш күнге - 4, 5 және 6 қазанға жалғасады.

Астанада Құрбан айт мерекесіне орай бірқатар шаралар ұйымдастырылуда

Астанада бірқатар мерекелік шаралар ұйымдастырылып жатыр. «Нұр Астана» және «Әзірет Сұлтан» мешіттерінің алдындағы алаңдарда айт намазынан кейін мерекелік жәрмеңке басталды. Сондай-ақ спорттық жарыстар өткізіледі. 5 қазанда сағат 16.00-де «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының аумағында «Нұр Астана» мешітінің қолдауымен «Құрбан айт құтты болсын!» концерті ұйымдастырылады. Сонымен қатар биыл мал союға рұқсат етілген жерлердің бірі - «Алтын таға» базарында «Раббың үшін құрбандық шал» қайырымдылық шарасы өтеді. Айта кетейік, биыл мал сату және сою «Алтын таға» базарында, «Азық-түлік комбинаты-Астаналық плюс» ЖШС, «Нұрбереке 555» ЖШС, «Шәумен» және «Темеш» шаруа қожалықтарында жүзеге асырылады. 4-6 қазанда мешіт қызметкерлері қаладағы мұқтаж жандардың үйлеріне арнайы барып айт мерекесімен құттықтап, азық-түлік және құрбандыққа шалынған мал еттерімен көмек көрсетеді. Ал қарттар үйіндегі жандарға «Қарттарым - асыл қазынам» мерекелік рухани кеші сыйланбақ, деп хабарланған елорда әкімдігінің ресми сайтында.