Астанада құрбан шалатын орындар белгіленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада алдағы Құрбан айт мерекесіне орай құрбан шалатын орындар белгіленді, деп хабарлады https://astana.gov.kz.

Астанада құрбан шалатын орындар белгіленді

«Құрбан айт - барша мұсылман үшін ұлық мереке. Биыл ол 4-қазанға тұспа-тұс келіп тұр. Айт намазы Астана уақыты бойынша таңғы сағат 8.00-де басталады. Құрбандық шалу намаз оқылғаннан кейін ғана жүзеге асырылуы керек. Өйткені оған дейін сойылған мал өз қажеттілігімізді өтегенмен тең. Ал, қасапшылар алдымен тіркеуге тұруы керек.

Биыл қасапшылардың өзі медициналық анықтамасымен мешітке келіп алдын-ала тіркеледі. Оларға мешітте арнайы семинарлар өткізіледі. Біз шариғатта қалай құрбандық шалу керектігін үйретеміз". - дейді «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов».

Бүгінде құрбандық шалу орындары бекітілген. Қазір қала базарлары мен шаруа қожалықтарында арнайы орындар дайындалуда. Ол Астанадағы «Кек» базары, «Пищекомбинат Астаналық» ЖШС, «Шаушен», «Темеш» шаруа қожалықтары мен «Алтын таға» мал базары. Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі, «Раббың үшін құрбандық шал» қайырымдылық акциясына қатысып, бірнеше кісімен бірігіп құрбан шалуға болады.

«Раббың үшін құрбандық шал» акциясын өткізіп жатырмыз. Кісілер жиналып, бір қара малды жеті адам бірігіп құрбандыққа шала алады. Болмаса жеке кісі қой, немесе ешкісін құрбандыққа шалуына болады. Акцияның мақсаты жетім-жесірлерге, жағдайы нашар кісілерге ет тарату», - дейді «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы.

Ал, елордадағы 8 мешіт мереке күндері жамағатты қабылдап, құрбандық еттерін мұқтаж жандарға таратуға дайын. Былтыр 9 тонна ет таратылыпты. Құрбан шалуға шамасы келмеген кісілер 8 мешіттің қайсысы ыңғайлы болса, сонда барып, Айт намазына қатыса алады. Жамағатпен бірге тілеген тілек қашан да қабыл болады.

Айта кетейік, құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе жарамды. Құрбандық малының дені сау, етті және дене мүшелері кем болмауы керек. Құрбан шалған кісілер етті толығымен садақаға беруі шарт емес. Оның бір бөлігін отбасымен жеуіне, не болмаса, өздері етке мұқтаж болса, түгелдей алып қалуына болады.