Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионатының ресми символдары таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада өтетін күрес түрлерінен 2026 жылғы әлем чемпионатының ресми логотипі, маскоты мен медалі таныстырылды. Бұл туралы Қазақстан күрес федерациясы бас хатшысы Гүлбарам Құлахметова мәлімдеді.

в
Фото: ОҚК

Күрес түрлерінен ересектер арасындағы әлем чемпионаты 24 қазан мен 1 қараша аралығында елордадағы Barys Arena спорт кешенінде өтеді.

– Бүгін біз «Астана-2026» әлем чемпионатының ресми логотипін таныстырып отырмыз. Оның визуалды шешімінде күреске тән қозғалыс пен динамика, тұтастық және ұлттық өрнек элементтері бір композицияда біріктірілген, – деді Гүлбарам Құлахметова.

Оның айтуынша, логотиптегі ұлттық өрнектер чемпионаттың Қазақстанда өтетінін айқындаса, көк түстер елдің визуалды болмысымен үндеседі. Сонымен қатар чемпионаттың ресми маскоты – Muzbalaq таныстырылды. Маскот ретінде қыран құстың таңдалуы қазақ дүниетанымындағы оның еркіндік, биіктік, күш, қырағылық және батылдық символы екенімен байланысты.

Сондай-ақ әлем чемпионатының басты марапаттарының бірі – ресми медаль таныстырылды. Оның дизайнында ұлттық ою-өрнек, қыран бейнесі және чемпионаттың негізгі визуалды элементтері біріктірілген.

– Астанаға 1000-нан астам спортшы келеді, бірақ олардың әрқайсысының арманы – әлем чемпионы атанып, осы медальға қол жеткізу. Бірнеше айдан кейін дәл осы медальдар әлемнің үздік балуандарының мойнына тағылады, ал олардың спорттық тарихында «Астана-2026» атауы қалады, – деді ол Орталық коммуникациялар қызметі алаңында.

Федерация өкілінің айтуынша, чемпионаттың ақпараттық науқаны тек жарысты таныстырумен шектелмейді. Негізгі мақсаттардың бірі – шетелдік спортшылар мен жанкүйерлердің Қазақстанға келмей тұрып-ақ Астанаға қызығушылығын арттыру.

Осыған байланысты қала кеңістігін, digital-экрандарды, спорт аренасы мен жанкүйерлер аймақтарын біртұтас визуалды стильде безендіру жоспарланған.

Бұдан бөлек, UWW-мен бірлесіп жарық, дыбыс, музыка, спортшыларды таныстыру, экрандық контент және аренадағы жалпы атмосфера бойынша жаңа тәсілдері әзірленіп жатыр.

Еске сала кетейік, күрес түрлерінен әлем чемпионаты 24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанада өтеді. Жарыс бағдарламасына грек-рим, әйелдер және еркін күрес түрлері кіреді.