Астанада құрылыс ұйымдарына 11,6 млн теңге айыппұл салынды – Заңсыз құрылысты қалай анықтауға болады
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада құрылысы ұзаққа созылған 150 үйдің 112-сі пайдалануға берілді. Бұл туралы қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Шапағат Таупықов айтты.
Оның айтуынша, 2019 жылы елордада 150-ге жуық проблемалық нысан болды, шамамен 16 мың үлескер болды.
«2022 жылы 12 мыңға жуық үлескердің мәселесі шешіліп, 118 үйдің құрылысы аяқталды. Мемлекет басшысының 2023 жылы қалған 16 объектінің құрылысын аяқтау жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бүгінде 7 нысанда 3,6 мыңға жуық үлескерге кілт берілді. Қалған 9 объектіде құрылыс жұмыстары, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде», - деді Ш. Таупықов Астана коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Басқарма 2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін жалпы сомасы 145 млн теңгеге 219 құрылыс ұйымын әкімшілік жауапқа тартқан.
Оның ішінде 2024 жылы 13 ұйымға 11,6 млн теңге айыппұл салынған.
«Әкімдіктің ресми сайтында азаматтарды ақпараттандыру мақсатында үлескерлердің ақшасын тарту құқығынсыз салынып жатқан нысандардың жаңартылған тізімі үнемі жарияланып отырады, және қаланың жарнамалық конструкцияларында, LED-экрандарында тақырыптық бейнематериалдар шығады», - деп толықтырды спикер.