Астанада құрылысы аяқталуға тиіс 84 тұрғын үй кешені бар - қала әкімі
Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалында есеп берген қала басшысы Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Естеріңізге сала кетейін, дағдарыс басталған кезде қалада 37 мың үлескердің қатысуымен 227 нысан болды. 2008 жылға қарай олардың саны 201-ге, ал 2009 жылдың басында 128-ге азайды. Үкімет пен әкімдіктің жүзеге асырып отырған іс-шаралары нәтижесінде бүгінгі күні 17,5 мыңнан астам үлескердің қатысуындағы 84 нысанның құрылысы аяқталуға жатады», - деді ол.
Әкімнің атап өткеніндей, нысандардың құрылысын аяқтау үшін қолға алынған шаралардың нәтижесінде үстіміздегі жылы 39 нысанды (7890 үлескер), жыл соңына дейін тағы 27 нысанды (5396) пайдалануға беру көзделіп отыр.
Айта кетейік, қазір құрылыс секторында жалпы төмендеу үдерісі байқалып отырғанымен, позитивті қарқындар әлі де сақталуда. Мәселен, 2007 жылы Астанада тұрғын үй секторында 1 миллион 151 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, 2008 жылы бұл көрсеткіш - 1 миллион 200 мыңға жеткен, ал үстіміздегі жылы 1 миллион 250 мың шаршы метрді іске қосу көзделіп отыр. Оның 1 миллион 107 мыңы бүгінде пайдалануға берілді.