09:19, 01 Тамыз 2012 | GMT +5
Астанада күшті желден крандар құлап, құрылыстарда 2 адам мерт болды, 3-уі ауруханаға жеткізілді
АСТАНА. 1 тамыз. ҚазАқпарат - Астанада күшті желдің салдарынан крандар құлап, құрылыс нысандарында 2 адам қаза тапты, 3-уі ауруханаға жеткізілді.

Бұл туралы ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметі хабарлады.
Есіл ауданында. Еңбекшілер көшесі бойында салынып жатқан «ҚР Ұлт Көшбасшысы және Тұңғыш Президенттің кітапханасы мен қоры» нысанында кеше сағат 16.05-те күшті желдің салдарынан құрылыс алаңына кран құлады.
Соның салдарынан «Сембол» АҚ филиалының 35 жастағы краншысы оқиға орнында көз жұмды.
Өндіріс аймағында, «Мотив НС» ЖШС-нің аумағында сағат 16.00-де күшті желдің салдарынан қойманың үстіне кран құлады.
Соның салдарынан «Мотив НС» ЖШС-нің 64 жастағы краншысы оқиға орнында жантәсілім етті. 48,47 және 42 жастардағы қоймашылар әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Төтенше орын алған жерге ҚР ТЖМ Шұғыл құтқару қызметінің 4 адамы мен 1 техникасы жетті.