Астанада құзырлы орган өкілдерінің салақтығынан 400 -ден астам азаматтың құны 5 миллиард теңгені құрайтын үйлері заңсыз сүріліп, жер телімдері заңсыз алынған
АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астанада құзырлы орган өкілдерінің өз қызметтеріне салақтығы салдарынан 400 -ден астам азаматтың құны 5 миллиард теңгені құрайтын үйлері заңсыз сүріліп, жер телімдері заңсыз алынған.
Бұл туралы бүгін Астана қалалық прокуратурасының Қадағалау, анықтау және тергеу басқармасының бөлім бастығы Арман Ақанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, азаматтардың жер телімдері мен олардың
өзге де жеке мүліктерін алу - бүгінгі күннің өзекті мәселесі екендігіне қарамастан, осындай жәйттерді тексерумен айналысатын көптеген лауазымды тұлғалар, қалыптасқан жағдайға жеткілікті деңгейде көңіл бөлмей отыр. Олар тіпті бұл жағдайға атүсті қарайтын сияқты. «Нақты фактілерге жүгінетін болсақ, 2009 жылы қалада тіркелген 117 арыз бойынша небәрі 5 қылмыстық іс қозғалған. Ал қалған 112- ісі бойынша іс қозғауға қарсылық білдірілген», деді басқарма бастығы.
Оның сөзіне қарағанда, құрылыс нысандарын бұзу әрекеттеріне тексеру жүргізетін құзырлы орган өкілдері қандай да бір жерді алу үшін тек әкімдіктің қаулысымен немесе сот шешімімен ғана шектеледі.
«Ал бұл қаулылардың қаншалықты заңды екендігі және материалдық шығынның орнын жабу, жер телімдерін алу тетіктерінің себеп-салдарлары нақтыланбайды. «Әдетте мұндай жағдайларға байланысты арыздар болашағы жоқ материалдар ретінде бағаланып, олар бойынша тиісті тексеру жүргізу жұмыстары учаскелік инспекторларға жүктеледі. Ал тергеу жұмыстары бойынша тәжірибесі жоқ инспекторлар қосымша тергеу жұмыстарына немқұрайлы қарайды», деді А. Ақанов.