Астанада қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері ант қабылдады

АСТАНА. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Отан қорғаушы күні және Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында қылмыстық-атқару жүйесінің жас қызметкерлері ант қабылдады, деп хабарлады Комитеттің Астана қаласы бойынша басқармасынан.

Астанада қылмыстық-атқару  жүйесінің  қызметкерлері   ант  қабылдады

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Астана қаласы бойынша басқарма бастығының орынбасары әділет полковнигі Ермекбай Қожахметовтың айтуынша, бүгін басқарманың 17 жас қызметкері халыққа және ел Президентіне адал қызмет етуге, Ата заңды және Қазақстан Республикасының барлық заңнамаларын қатаң сақтауға, өз қызметтерінде заңдылық пен әділеттік қағидаларын ұстануға, сондай-ақ азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын шектеуге жол бермеуге ант берді.

Қалыптасқан игі дәстүр бойынша бүгінгі іс-шара салтанатты жағдайда өтті және ол Астанадағы Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.