Астанада «Қыран қанатындағы жыр» поэзия кеші өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 20 мамырда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына байланысты Халық қаһарманы, қазақтың тұңғыш ұшқыш батыр қызы Хиуаз Доспановаға арналған «Қыран қанатындағы жыр» атты әдеби поэзия кеші өтеді, деп хабарлады мекеме баспасөз қызметі.
Хиуаз Доспанова (15.05.1922-21.05.2008 жж.) қазіргі Атырау облысында дүниеге келген.
«Әлия, Мәншүк, Хиуаз... Сұрапыл соғыс жылдары ержүрек осындай қаракөз қазақ қыздарының батылдығын, батырлығын әсірелеп, әспеттеудің қажеті де жоқ шығар... Олардың есімдерін тек Қазақстан ғана емес, кезіндегі КСРО халықтары да жақсы біледі».
Ұшқыштық өмір жолын Оралдың аэроклубында бастаған Хиуаз Доспанова соғыс жылдарында әйгілі ұшқыш Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық полкінің құрамында болып, 300-ден астам әуе шайқастарына қатысып, теңдессіз ерлігі үшін «қанатты қыз» атанып, аты аңызға айналды. 2004 жылы Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың Жарлығымен Хиуаз Доспановаға «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Кешке астаналық зиялы қауым өкілдері, академик Мырзатай Жолдасбеков, жазушы Сұлтан Оразалин, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов қатысады.