Астанада қысқа мерзімді курстарда бірқатар техникалық мамандықтар қазақ тілінде оқытылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада биыл 30 мыңға жуық жастар мамандық иесі атану үшін қысқа мерзімді курстардан өтетін болады. Бұл туралы Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы кезінде елорда әкімі Әсет Исекешев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Партияның Астана қалалық филиалымен жүзеге асырылып жатқан жобалар бағытының үш тобы туралы айтуға рұқсат етіңіздер. Барлық жобалар партияны жаңғыртудың базалық қағидаттарына, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, білім культі бағыттарына сүйеніп, халықтың жалйы тұрмысын, өмір сапасын жақсартуға бағытталған», - дейді партияның Астана қалалық филиалының төрағасы.
Жобалардың бірінші тобы туралы айтқан әкім жұмыспен қамтудың жаңа саясаты саласындағы қолжетімді білім беруге баса маңыз берілетінін сөз етті.
«Өзіңіз тапсырғандай, партияның ең басты міндеттерінің бірі - халықтың табысының өсімі. Бүгінгі таңда статистикаға сәйкес Астанада 500 мың адам жұмыспен қамтылған. Оның 300 мыңы шағын және орта бизнес саласында. Біздің есептеуімізше, 2023 жылға қарай халық санының өсуіне байланысты Астанада жұмыс істейтін адамдардың саны 650 мыңға жетеді. Демек, тағы 150 мың жаңа жұмыс орнын ашу керек. Партиялық жобалар ең алдымен адамдарды жаңа технологиялық талаптарға сай етуді көздейді. Ол үшін біз «Биг дата» жобасы арқылы қалалық тапсырыстан ескірген мамандықтарды алып тастап, қалалық шаруашылық үшін қажетті мамандықтардың тізімін жасадық. Олар лифттер бойынша жұмыс атқаратын инженерлер, газдандыру саласындағы мамандар, қазақ тілі, ағылшын тілі және география пәндері бойынша мұғалімдер және бүгінгі таңда жетіспей отырған өзге де мамандықтар», - деді ол.
Әсет Исекешевтің айтуынша, сонымен қатар, жоғары технологиялы мамандықтар - ақпараттық-модельденген құрылыс және жобалау, киберқауіпсіздік, көлік, медицина, білім саласындағы мамандықтарға гранттар бөлінбек.
«Осыған байланысты қаланың мемлекеттік тапсырысын толығымен қайта қарадық. Біз алдымен жоғары және орта білімге тапсырыстарды ұлғайтамыз. Екіншіден, қысқа мерзімді курстар жасақталып, әсіресе ол курстар жұмысшы жастар үшін ол ыңғайлы ету мақсатында кешке және демалыс күндері өтетіндей етіп белгіледік. Биыл бағдарламаның басталуы аясында 30 мың елорда тұрғыны оқытылады. Олардың 17 мыңы мемлекеттік тапсырыс аясында білім алады. Биыл сонымен қатар мемлекеттік тілде оқыту 45 пайыздан 65 пайызға артатынын айта кеткім келеді. Атап айтқанда, ақпараттық-модельденген құрылыс және жобалау, медициналық оптика, медициналық техниканы жөндеу және пайдалану және өзге де техникалық мамандықтар қазақ тілінде оқытылады», - деді Әсет Исекешев.
Еске сала кетсек, Астанада бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Шара барысында «Нұр Отан» партиясын жүйелі түрде жаңғырту бойынша жұмыс барысы талқыланып, Қазақстан Президентінің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру бағытында қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мәселелері қаралуда.