Астанада қыз бен жігіт такси жүргізушілерін алдап соққан

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы криминалдық полиция қызметкерлері 23 жастағы жігіт пен 21 жастағы бойжеткенді ұстады. Олар азаматтардың сенгіштігін пайдаланып, алаяқтық жолмен жүргізушілердің ақшасын қалтаға басқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанада қыз бен жігіт такси жүргізушілерін алдап соққан

Күдіктілер интернет арқылы азық-түлік немесе гүл жеткізіп беру үшін такси жалдап, жүргізушілерден баланс толтыруын немесе электрондық әмияндарына ақша жіберуін сұраған. Жүргізушілер ақшаны қайтарамыз деген уәделеріне сеніп, сұраған сомасын аударған. Олар шақырылған жерге барғанда ғана алданғанын түсінген.

Қазіргі уақытта ҚР ҚК 190-бабы бойынша («Алаяқтық») сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы залал сомасы анықталуда. Күдіктілер Астана ПД уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.

Анықталғандай, ұсталғандар бұрын да осындай қылмысы үшін жауапқа тартылған. Қазіргі таңда полицияға 10-нан астам алданған тұрғын шағымданған. Олардың саны одан да көп болуы мүмкін. Зардап шегушілер мына мекенжайға келуіне болады: Бейбітшілік, 19. Немесе 8-(7172)-71-62-91, 71-63-35, 71-60-10, 8-777-722-88-55 телефон нөмірлеріне хабарласу керек.