Астанада «La PrimaVera» президенттік камералық оркестрінің концерті өтті

АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - Астанада К.Байсейітова атындағы опера және балет театрында «La PrimaVera» президенттік камералық оркестрінің концерті өтті.
None
None

Концерт барысында елорда тұрғындарына Давид Поппердің «Виолончельге арналған концерттік полонезі», Петр Чайковскийдің «Шекті аспаптарға арналған серенадасы», Джордж Мейердің «Аспан үшін» атты классикалық шығармасы орындалды.

Шекті квартет 1994 жылы құрылған. 1995-1998 жылдары аталмыш топтың шығармашылық жетекшісі Айман Мұсақожаева болды.

Әр жылдары квартет сапында Б. Мұсақожаева, К. Жолдыбаев, А. Әйіпова, Г. Ахмедина, Д. Шәкіров, С.Тұяқова сынды музыканттар қызмет етті. 2006 жылы камералық музыка квартеті «La PrimaVera» президенттік камералық оркестрі болып атауын өзгертті.

Камералық оркестрдің дирижері - «Құрмет» орденінің кавалері, Йорк университетінің магистрі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Абзал Мұхитдинов. Оркестрдің репертуарында Қазақстанның танымал шығармалары, әлемдік классика мен дүниежүзі халықтарының ұлттық музыкалары бар. Аталмыш ұжым еліміздің дипломатиялық, хаттамалық және түрлі жоғары деңгейдегі шаралардың музыкалық бөлігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Қазақстанның мәдени өміріне қатысып, халықаралық сахналарға да шығып тұрады.

Олар ТМД елдерінде, Ұлыбритания, Италия, АҚШ, Түркия, Австрия, Бельгия, Малайзия, Мысыр, Үндістан және басқа да елдерде өнер көрсетті.

Соңғы жаңалықтар