Елордаға Италия мұражайларынан Леонардо да Винчидің 40-тан астам экспонаты әкелінді
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада XV ғасырда өмір сүрген ұлы суретші, өнертапқыш әрі инженер Леонардо да Винчидің шығармашылығына арналған ауқымды көрме ашылды. Рим мен Флоренция мұражайларынан арнайы әкелінген 40-тан астам толық өлшемді механизмдер модельдері, заманауи мультимедиялық технологиялар және әлемге әйгілі картиналардың репродукциясы Астана төріне қойылды.
Мәдениет ошағының басшылығы бұл шараның ұлттар арасындағы толеранттылық пен мәдени алмасудың алтын көпірі екенін атап өтті.
— Бүгінгі таңда біздің Бейбітшілік және келісім сарайымызда XV ғасырда өмір сүрген ұлы суретші, өнертапқыш, инженер Леонардо да Винчидің шығармашылығына қатысты керемет көрме ашылды. Мұндай көрмелер адамзаттың ортақ мәдениетін тереңірек тануға көмектеседі деп есептеймін. Себебі Леонардо да Винчи бүкіл адамзатқа тиесілі тұлға, оның XV ғасырда ойына келген идеялары бүгінгі күні де өзекті. Өз мәдениетімен қатар өзге халықтардың да мұрасын білетін адам әрқашан толерантты, ашық болады. Ал біздің жеріміздегі бейбітшілік дәл осы толеранттылыққа негізделеді, — дейді Бейбітшілік және келісім сарайының директоры Нарима Мұхамбеталина.
Сонымен қатар көрме залының құрылымы да ерекше ойластырылған. Көлемі 3 мың шаршы метрге жуық аумақты алып жатқан экспозиция кеңістігі табиғаттың төрт элементіне — Ауа, Су, Жер және От залына бөлінген. Көрме гидінің айтуынша, экспонаттардың ішінде адам баласының қиялын тербейтін дүниелер өте көп.
— Менің ойымша, ең қызықты экспонаттардың бірі — Ауа залында. Себебі Леонардо да Винчидің ең үлкен армандарының бірі адамның аспанға ұшуы еді. Ол кезде адамзат мұны ойлауға батпағанның өзінде, Да Винчи армандап, механизмдер мен тік оринтопторларды, қазіргі әуе шарларына ұқсас аппараттарды ойлап тапқан. Сондай-ақ От залындағы соғыс машиналары да өте қызық. Көбі оны тек суретші деп біледі, бірақ ол өмірінің көп бөлігін инженер ретінде өткізген. Сондықтан катапульта, бомбарда, бу зеңбірегін, тіпті қазіргі танк пен зеңбіректің алғашқы үлгілерін жасап шығарған, — дейді көрме гиді Айфара Қабылдина.
Инженерлік туындылардан бөлек, көрмеде Да Винчидің әлемге әйгілі бейнелеу өнері туындыларына да арнайы орын берілген.
«Мона Лиза» мен «Тайная вечеря» секілді картиналардың репродукциялары заманауи технологиялармен жасалған.
LED-туннельдер, цифрлық проекциялар мен голографиялық инсталляциялар арқылы келушілер ренессанс дәуірі мен болашақ технологиялардың синтезін тамашалай алады.
Айта кетелік елімізде 286 музей жұмыс істейді. Олардың қорында 4,5 миллионнан астам жәдігер сақталған, ал музейлерге жыл сайын 6,5 миллионнан астам адам келеді.