Астанада лейкозға шалдыққан 30 бала С гепатитін донор қанынан жұқтырған жоқ - зерттеу нәтижесі
АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - Астанада лейкозға шалдыққан 30 бала С гепатитін донор қанынан жұқтырған жоқ. Архивтік қан үлгелерін қайта тексерген шетел зертханалары осындай қорытынды жасады. Бұл жөнінде бүгін Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы директорының бірінші орынбасары Сәния Әбдірахманова мәлім етті.
«Аталмыш оқиға бойынша біздің орталыққа қайта тексеріс жасалды. Тексеріс барысында С гепатитін жұқтырған балаларға қолданылған қанның 1600-ден астам архивтік үлгілері көтерілді. Біз қолданылған қанның үлгілерін үш жылға дейін архивте сақтап отырамыз. Сол үлгілер зерттелді. Соның ішінде 401 үлгі шетел зертханаларына жіберілді. Олар - Ұлыбританияның ұлттық трансфузиологиялық зертханасы мен Швейцарияның Цюрих қаласында орналасқан Қан орталығы. Ондағы зерттеу нәтижесі вирустың жоқ екендігін көрсетті. Сондықтан балаларға С гепатиті донор қаны арқылы жұғуы мүмкін емес», - деп атап өтті ол. 2013 жылдың бірінші жартысында Ана мен бала орталығында лейкоз сырқатынан емделіп жатқан 270 баланың 30-ы С вирус гепатитін жұқтырған болатын. Аталған факті бойынша қан үлгілері отандық зертханаларда тексерілген болатын. Ол кезде де донор қанынан ешбір вирус табылмаған.