Астанада ломбардты тонамақ болған күдікті ұсталды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ломбардты тонамақ болған күдікті ұсталды. Бұл туралы бүгін оқиға орнында ҚазАқпарат тілшісіне Астана ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Софья Қылышбекова мәлім етті.
«Қазіргі уақытта 1979 жылы дүниеге келген күдікті ұсталды. Ол елорда тұрғыны екені анықталды. Енді тергеу амалдары жүргізіледі. Аталған ломбардтың екі қызметкері аман-есен босатылды. Атап айтқанда, келіссөздер жүргізіліп, күдікті полицияға қарсылық көрсеткен жоқ. Жалпы ешкім де зардап шекпеді, - деді С. Қылышбекова.
Оның сөзіне қарағанда,ломбардқа мүліктік зақым келген жоқ. Күдіктімен арадағы келіссөздер телефон арқылы жүргізілген көрінеді.
«Барлық тергеу амалдары жүргізілді, аталған адамның қылмыстық әрекеті бойынша айып тағылады», - деді ол.
Еске сала кетейік,бүгін Кенесары көшесінде «Спутник» дүкені ауданында орналасқан М-Ломбардты тонауға әрекет жасалды. Ішке басып кіру кезінде дабыл тетігі іске қосылып, есік автоматты түрде құлыпталып, іште күдікті және екі ломбард қызметкерлері қамалып қалды.
Сондай-ақ баспасөз қызметі бұл лаңкестікпен байланысты емес, қатардағы тонау оқиғасы екенін атап өтті.