Астанада LRT депосының құрылысы басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада LRT жобасының негізгі инфрақұрылымдық нысаны – депоның құрылысы басталды. Бұл туралы CTS компаниясының баспасөз қызметі хабарлайды. 

Астанада LRT депосының құрылысы басталды
Фото: CTS

Депо халықаралық әуежай маңайындағы 16,84 га аумақ жерде орналасады және LRT жүйесіне техникалық қызмет көрсету және басқару орталығына айналады.

«Депо ғимараттарының жалпы ауданы шамамен 80 мың м² құрайды. Онда жылжымалы құрамға толыққанды техникалық қызмет көрсету және жөндеу үшін қажетті барлық нысан орналастырылады. Кешен вагондарды жуу ғимаратынан, қосалқы бөлшектер мен жабдықтар қоймаларынан, жолдарды жөндеуге арналған арнайы техника, сондай-ақ қызметкерлерді оқыту және біліктілігін арттыруға арналған әкімшілік ғимараттардан тұрады», - делінген хабарламада. 

Депо аумағында пилотсыз пойыздарды басқару орталығы да құрылады. Автоматтандырылған басқару жүйесі қауіпсіздік пен тиімділікті едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ депоны іске қосу, тежеу және станцияларда тоқтау сияқты процестерді автоматтандырып, адами факторды барынша азайтады.

«Эстакада бойынша негізгі құрылыс жұмыстарының аяқталуына байланысты, қысқы кезеңде құрылыс технологиясына сәйкес, LRT жобасының жұмыстары депо құрылысына шоғырланады», - деп толықтырды мекемеден. 

Бұған дейін LRT пойызы операторларын оқытуға алдын ала қабылдау басталатыны туралы хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар