Астанада «Мақсұтым тіл ұстартып, өнер шашпақ...» атты қалалық Абай оқулары байқауы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен 2015 жылғы 28 сәуір күні сағат 16.00-де М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында «Мақсұтым тіл ұстартып, өнер шашпақ...» атты қалалық Абай оқулары байқауы өтеді.

Астанада «Мақсұтым тіл ұстартып, өнер шашпақ...» атты қалалық Абай оқулары байқауы өтеді

Бұл туралы аталған басқарманың баспасөз қызметі хабарлады.

Байқаудың негізгі мақсаты - Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген өзге этнос өкілдерінің ықыласын арттыру, Абай мұрасы арқылы қазақ тілінің көркемдік қазынасын, сөз өнерінің бейнелілігі мен байлығын насихаттау, ізгілікті құндылықтарды ұлықтау, жастардың көркем сөз оқу шеберлігін, тіл мәдениетін жетілдіру.

Бұл байқауға елордада тұратын 15-22 жас аралығындағы өзге этнос өкілдері қатысады. Байқау ережесіне сәйкес Абай шығармаларын (білім, ғылым және өнер тақырыптарына өрілген поэзиялық шығармасын немесе қара сөзін) жатқа мәнерлеп оқу, «Абай жолы» романынан үзіндіні көркем шеберлікпен жатқа оқу, Абайдың 1 әнін орындау бойынша сайысқа түседі.

Байқауда Абай әндері шырқалып, Абай өмірінен сыр шертетін сахналық қойылым көрсетіледі. Жалпы көпшілік, жастар Абай өмірінен, оның шығармашылық әдеби бай мұрасынан мағлұмат алады.

Байқауға зиялы қауым және қоғамдық ұйымдар мен жастар ұйымдарының, БАҚ өкілдері, тіл жанашырлары, оқу орындарының оқытушылары, жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары қатысады.

Байқаудың жеңімпазы республикалық байқауға жіберіледі. Жүлдегерлер дипломдармен, алғыс хаттармен және басқа да сыйлықтармен марапатталады.