Астанада «Мақтаным, тірегім - отбасым» атты өнегелі отбасы өкілдерімен кездесу өтеді

АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат - Астанада, 19 қарашада Қазақ ұлттық өнер университетінің (Тәуелсіздік даңғылы, 50) Шопен атындағы залында,   Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның  ұйымдастыруымен «Мақтаным, тірегім - отбасым» атты өнегелі отбасылар өкілдерімен кездесу өтеді.

Астанада «Мақтаным, тірегім - отбасым» атты өнегелі отбасы өкілдерімен кездесу өтеді

Іс-шараның мақсаты биыл елімізде алғаш рет аталып өткелі отырған 1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп отырған мемлекеттік отбасылық-демографиялық саясатына қолдау көрсету болып табылады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының хатшылығы  хабарлады.

Кездесуге Қазақстан  Республикасы  Президентінің кеңесшісі, Ұлттық комиссияның төрайымы Г.Н.Әбдіқалықова қатысады. Сондай-ақ, танымал қоғам және мемлекет қайраткерлері шақырылған.

Елімізде мемлекет тарапынан әрбір қазақстандық отбасы мен әрбір қазақстандық­тың өміріне шынайы сезінерліктей оң өзгерістер әкелуге бағытталған нақты қадамдар жасалуда. Ендігі кезек - азаматтардың өзінде, әрқайсымыздың сол бастамаларды ілгерілетуге үлес қосуымызда. Бұл кездесу қоғамның әр мүшесінің отбасы институтын қолдау үшін өз деңгейінде еңбек ете алатынын көрсетуге арналған.

Кездесудің басты кейіпкерлері - Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген, Отанымыздың өркендеуіне еңбегімен де, өнегелі ұл-қызымен де үлес қосып жүрген ата-аналар - «Отбасым» журналында жарияланған материалдардың кейіпкерлері. Отбасылық құндылықтарды насихаттау үшін нақты адамдар өмірін өнеге ете отырып, кездесу кейіпкерлерінің отбасылық тәрбие, әке мен ананы қадірлеу, сапалы, саналы ұрпақ өсіру бойынша  өмірлік тәжірибелері насихатталып, құрмет көрсетіледі. Сондай-ақ жас ұрпақтың бойына өскен ұясын қастерлеу, ұл-қызы үлгі тұтар ата-ана болу сезімін дарыту көзделеді. 

Бұл шараны ұйымдастыруға  «Отбасым» журналының редакциясы, Қазақ ұлттық өнер университеті, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы қатысуда.