Астанада «Малефисента» фильмінің қазақ тіліндегі алдын ала көрсетілімі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 27 мамырда Астанада қазақ тіліне дубляж жасалған «Малефисента» фильмінің алдын ала көрсетілімі өтеді.

Астанада «Малефисента» фильмінің қазақ тіліндегі алдын ала көрсетілімі өтеді

Айта кетейік, «Малефисента» - «Көліктер-2», «Қара киімділер-3», «Батыл жүрек», «Жаңа өрмекші адам», «Монстрлар университеті», «Жалғыз рейнджер», «Жаңа өрмекші-адам: кернеген қуат» фильмдерінен кейінгі отандық кинотеатрларда қазақ тілінде көрсетілетін сегізінші фильм.

Disney-дің мистикалық блокбастерінің алдын ала көрсетіліміне жобаны ұйымдастырушылар мен әріптестер, сондай-ақ фильмде Анджелина Джоли ойнаған басты кейіпкерді дыбыстаған Гүлназ Әуесбаева, Астана қаласындағы балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары, республикалық жастар ұйымдарының, «Болашақ» қауымдастығының мүшелері, «Болашақ» бағдарламасының түлектері қатысады деп жоспарлануда.

Фильмнің премьерасы 2014 жылғы 29 мамырда елдің барлық кинотеатрларында қазақ және орыс тілдерінде көрсетіледі.

Сондай-ақ ол көрсетілген күні қазақ тілін қолдау үшін «Қазақша сөйлеуді өзіңнен баста» флеш-мобы өткізіледі.

Жобаның ұйымдастырушылары «Болашақ» қауымдастығы, «MARWIN» компаниясы, бас демеушісі - «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ болып табылады. Ол «Жастар - Отанға!» жобасының шеңберінде «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, мемлекеттік тілді дамыту және жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мақсатында іске асырылуда.