Астанада Маржан Ершудің жыр кеші өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, аудармашы Маржан Ершудің «Мен тас едім, су түбінен қозғалдым...» атты жыр кеші өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанада Маржан Ершудің жыр кеші өтеді

Маржан Ершу - Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Еуразия Жазушылар одағының (Түркия) мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты. Жыр додасында қол жеткізген табыстары да аз емес. Ол Халықаралық «Шабыт» шығармашылық жастар фестивалінің Гран При иегері, Халықаралық Түркітілдес елдер поэзиясы фестивалінің жеңімпазы, сондай-ақ Сұлтанбек Қожанов, Жахыт Таранжы, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы әдеби сыйлықтардың да иегері атанды.

Бұған дейін ақын қаламынан шыққан «Шырақ», «Пырақ», «Аламан», «Таңғы шық», «Жапырақ-ғұмыр», «Ерік Құрманғалиев», «Ораз би», «Сезім музейі» (аударма Орхан Памук) атты кітаптары оқырман қауымға жақсы таныс. Ол жинақтарға қаламгердің әр жылдары жазған поэзиялық, драмалық, прозалық туындылары және аудармалары мен әдеби - сын мақалалары енген.

Өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасы бар ақын Маржан ЕРШУ оқырмандарына ой тастап:

«Мен тас едім,

Су түбінен қозғалдым.

Қиялдармен қияларға озбаймын.

Су мен Жердің қасиетін ұғынып,

Ой түбінен қозғаймын...» деп тіл қатады.

Ақынның жыр кеші бүгін, жұма күні Астана уақытымен 16-00-де басталады.