Астанада «Мас жүргізуші - қылмыскер!» акциясы өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық полицейлер 5-7 наурыз күндері қала аумағында «Мас жүргізуші - қылмыскер!» жедел алдын алу іс-шарасын өткізеді. Бұл туралы Астана қаласының ІІД әкімшілік полиция басқармасынан хабарлады, деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайтында.
Бұл шара апаттылықты азайтуға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, сондай-ақ апаттылыққа және ауыр ЖКО салдарына әкелетін жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды анықтап, олардың алдын алуға бағытталған. Ведомствоның атап өтуінше, бүгінгі таңда Астана қаласының жол-патрульдік полиция басқармасының қызметкерлері 35 мыңнан астам жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты. Соның ішінде 300 көлік иесі мас күйінде ұсталған. Қазіргі уақытта олар 2 жылға көлік жүргізу құқықтарынан айырылды. «Бағдаршамның тыйым салған белгісінде жол қиылыстарын кесіп өткені үшін 840 тәртіп бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 515 жаяу жүргінші арнайы жолдардан өту ережелерін бұзған, сондай-ақ 450 жүргізуші апатты жағдай тудырған», - деп атап өтті аталмыш мекеме қызметкерлері. Айта кетейік, көлікті мас күйінде басқару - жол қозғалысы ережелерін бұзудың әлеуметтік тұрғыдан аса қауіпті жағдайларының бірі болып табылады. Ол үшін 2 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.