Астанада масаға қарсы дезинсекция басталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында шыбын-шіркей, маса және басқа да жәндіктерге қарсы кең ауқымды дезинсекциялық жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Астанада масаға қарсы дезинсекция басталды

Бірінші кезеңде бұл жұмыстар жертөлелер мен су қоймаларында атқарылуда. Жұмыстар таңғы және кешкі уақытта жүргізіледі.

«Биыл қар көп болды. Сондықтан су қоймаларында су мөлшері де мол. Жұмысты сол аумақтарда жүргізетін боламыз, мақсатымыз – масалардың санын дернәсіл кезеңінде азайту. Биыл масалардан аумақты өңдеу жоспары 20%, су қоймаларын өңдеу 25% артты», - деді «Астаналық дезинфекция» ЖШС директорының орынбасары Бекболат Талғарбеков.

Бірінші кезең аяқталғаннан кейін дезинсекциялық жұмыстар қаланың ішкі аумақтарында, саябақтарда, тынымбақтарда, көшелерде жүргізіледі. Сондай-ақ, тұрғын үйлердің жертөлелері, мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары, базарлар, сауда үйлері және тағы басқа мекемелер дезинсекцияланады.