Астанада мәслихат депутаттары ЖЭО-2 жұмысымен танысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қалалық мәслихат депутаттары Астанадағы ЖЭО-2 жұмысымен танысты. Шара барысында «Астанаэнергосервис» АҚ басқарма төрағасы С. Есжанов және «Астана-Энергия» АҚ басқарма төрағасы М. Ердембеков халық қалаулыларын ЖЭО-2 қондырғыларымен таныстырды, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Астанада мәслихат депутаттары ЖЭО-2 жұмысымен танысты

Атап айтқанда, депутаттар номиналдық қуаты сағатына 120 мегаВатт болатын ЖЭО-2 бесінші агрегатын жұмыс кезінде бақылап, келер жылы жазда іске қосылатын, салынып жатқан жетінші Е550 қазандық агрегатын көрді. Алайда, ЖЭО қуаты қарқынды дамып келе жатқан елордамызды түгелдей қамтуға жетпейді, сондықтан жылудың бір бөлігін Астана Екібастұз ЖЭО-дан сатып алуға мәжбүр. Ердембековтың айтуынша, экологиялық жағдайды жақсарту үшін кәсіпорында күкірт қалдықтарын азайту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп, қалдықтарды қайта пайдалану жөніндегі жаңа технологиялар пайдаланылып, күл көлемін және атмосфераға жіберілетін әр түрлі қалдықтарды азайтып, өңделген жерді қалпына келтіруге көп көңіл бөлініп отыр. Қалалық мәслихат депутаты Б. Исабаев күлді қайта өңдеу мен оны құрылыс мақсатында және жол салуда пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. Қазіргі кезде күл тоннасына 425 теңгеден сатылады, бұл көптеген құрылыс компаниялары үшін тиімсіз. Қалалық мәслихат хатшысы С. Есіловтың айтуынша жылу электр станциясының үздіксіз жұмысы қала үшін маңызды, сондай-ақ, қаланың ластануының 30% ЖЭО үлесінде. Сондықтан, бұл көрсеткішті азайтуға тырысып, күл төгетін орындардың толып кетуіне жол бермей, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті инженерлік факультетінің ғылыми қызметкерлері мен студенттерін жұмысқа тарту қажет.