Астанада «Майдан әндері» моноспектаклінің премьерасы өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерейтойы аясында, Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен ҚР халық артисі Тілектес Мейрамов «Майдан әндері» атты моноспектакльдің премьерасын ұсынады. Аталған шара 29 сәуір күні Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында өтеді. Шығарма авторы - Р. Сейсенбаев, деп хабарлады аталған басқарманың баспасөз қызметінен.
Майдан әндері... Рейхстаг... Берлин... 11 май... Глинкаштрассе көшесі... Григорий Авилов... Жеңіс... Бұл - алыста қалған ардақты күндер белгісі. Ол бас кейіпкер Садыр Байбарысовтың сұрапыл соғыста өткерген күндері. Садыр - солдат. Соғыстан аман келген солдат. Соғыстан оралған бетте сақтық мекемесіне қызметке тұрған. Бір мекеменің пілдей ревизоры болып, отыз бір жыл қызмет атқарып келеді. Садыр қашанда ән айтып жүреді... Айтса, майданда салған әнін айтады, көкейіндегі сағынышын осы әндермен басады. Түсінде ылғи майдан, ұрыс, Днепрде өткен соңғы түндерін, жаралы мергеннің орыс қызын арқалап келе жатқанда украин партизандарына тап болғанын көреді. Соғыс аяқталса да, Садырдың көз алдынан сол бір сұрапыл кездер кетер емес...
Қазақстанның халық артисі, актер - Тілектес Мейрамов сахна мен кинодағы өнер тәжірибесінің тағы бір жаңа қырын «Майдан әндері» атты моноспектаклінде ашады. Солдат Садырдың бейнесін - Мейрамовтың сомдауында көре аласыз. Моноспектакль - Т.Мейрамовтың жүрегіне, өн бойына жақын жанрдың бірі. Моноспектакль - бүгінгі қазақ театр өнеріне сұранып тұрған жанрдың бірі. Кәсіби актердің әлемін танығыңыз келсе, актерлік өнердің қыр-сырын түсінгіңіз келсе - «Майдан әндерін» көруге асығыңыздар!