Астанада мәйітхана қызметкерлері марқұмдардан ақша жасап келген
АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат - Астана қаласының қаржы полициясы құрамына қалалық мәйітхананың қызметкерлері енген қылмыстық топты ұстады.
Анықталғандай, мәйітхана қызметкерлері мүрдені бальзамдау үшін марқұмдардың туыстарынан ресми бекітілген баға - 9 мың теңгенің орнына 200 доллар алып отырған. Онымен қоса, тергеу барысында өлгендігі туралы куәлікті диагнозды өзгертіп, жаңасына ауыстыру фактілері де анықталды. Жалған анықтаманың құны да тұрақты бекітіліп қойған - 30 мың теңге.
Қазіргі уақытта мәйітхана қызметкерлері аталған қылмыстарын мойындап, түсінік беруде. Олардың бір бөлігінен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Ал мекеменің директоры қамауға алынды.
«Үсіпхановқа лауазымды өкілеттігін асыра пайдаланды, пара алудың екі фактісін, қызметтік жалғандықтың 12 фактісін жасады деген айыптар тағылып отыр. Сот санкциясымен ол қамауға алынды. Сот медициналық сараптама орталығының жалпы сараптамалық бөлімінің меңгерушісі алдын ала сөз байласу арқылы топпен бірге 30 мың теңге көлемінде пара алды деп айыпталуда», - деп мәлім етті Астана қалалық қаржы полициясы департаменті бастығының орынбасары Ерлан Рахымбеков.
Ақпарат көзі: КТК телеарнасы.