Астанада мажар ақыны Шандор Петөфи атындағы көше ашылды
Астана көшелерінің біріне мажар ақыны Шандор Петөфидің есімі берілді, деп хабарлайды Kazinform.
«Қымбатты достар! Өздеріңіз білетіндей, бүгін Мажарстан Республикасының премьер-министрі Виктор Орбан мырза Қазақстанға ресми сапармен келді. Осы іс-шара аясында мажар елінің қаһарман патриоты әрі мәшһүр ақынының құрметіне көше ашқалы жатырмыз. Биыл ұлы ақынның 200 жылдығы тойланды. Қазақтың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, өмірдегі ең үлкен бақыт – ұлтқа қызмет ету. Ш. Петөфи де өз елінің игілігі үшін жанын пида еткен, жанын қиған азамат. Сондықтан барлығымыз үшін бұл ортақ жақсылық деп ойлаймын», - деді көшенің ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу.

М. Нұртілеу осы маңызды әрі баянды бастама Қазақстан мен Мажарстан арасындағы дәстүрлі достық пен өзара қолдау рухында дамып келе жатқан мәдени гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдете түсіп, жаңа белестерге шығаруға қосымша серпін беретініне тілектестік білдірді.
«Бүгін қазақ елінің Мажарстан еліне деген терең құрметінің белгісін көріп отырмыз және атақты мажар ақынының есімі көшеге берілді. Шандор Петөфи – бостандықсүйгіштігімен белгілі данышпан адам болатын, бұл еркіндік сезімі сіздерге де тән. Мажарстанның тілі әлемде кең таралған тілге жатпайды, 14-15 миллион адам сөйлейтін, өте қиын тіл. Әрине біздің тіл мен әдебиетті түсінгісі келген адамға үлкен еңбек, үлкен ізденіс жасауға тура келеді. Бірақ бізді түсінгісі келетін, біздің әдебиетті, Шандор Петөфиді түсінгісі келетіндер үшін менде жақсы жаңалық бар. Шандор Петөфидің 196 өлеңнен тұратын жинағы қазақ тілінде жарық көрді», - деді Мажарстанның Сыртқы істер және сауда министрі Питер Сийярто.

Шандор Петөфи – Мажарстанның ақыны, Мажарстандағы 1848-1849 жылдардағы революция жетекшілерінің бірі. Оның «Ұлтқа», «Дунайда» және «Тұтқындағы арыстан» өлеңдері мажар халқы патриотизмінің ерекше символына айналды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбанды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.