Астанада медиациялық ашық есік күні өтуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада республикалық бірыңғай медиация күніне орай «Ашық есік» шарасы ұйымдастырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Медиация - үшінші, бейтарап, әділ, жанжал нәтижесіне мүдделі емес тараптың қатысуымен өтетін дауларды реттеудің жаңа түрі.
Ашық есік күні жанжалдардың алдын алу және оларды сотқа жеткізбей шешу, сол сияқты халықтың құқықтық сауаттылығын нығайтуды көздейді.
Қазақстанда 2011 жылы 5 тамызда медиация туралы заң қабылданды, осы тұрғыда жыл сайын республикалық бірыңғай «Медиациялық ашық есік» күні өткізіліп келеді.
«Медиация ұғымы қазаққа жат емес. Біздің ата-бабаларымыз бұрыннан дау-дамайды өзара келісіммен шеше білген. Осы себепті бүгінгі медиация қызметінің мақсаты- қос тарапты бірдей қанағанаттандыратын және дауласушылық деңгейін төмендететін өзара тиімді бейбіт келісімге келтіру. Медиация барысында «кінәлі» және «кінәсіз» деген жақ болмайды», - деді Астана қаласының әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ директоры Нұр-Ахмет Досмұхамет.
Ашық есік күніне орай Астана қалалық әкімдіктерінде, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалында одан бөлек халыққа қолайлы болу мақсатында «Артем» сауда үйінің фойесінде (Ш.Уәлиханов көш.,47, 2 қабат) сағат 15:00-17:00 аралығында «Құқық» қоғамдық қорының заңгерлері кәсіби медиаторлар ақысыз қызмет көрсетіп, халыққа медиация қызметі бойынша заңға сәйкес кеңес беріп, ақпараттандырады.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда қоғамдық (кәсіби емес) медиаторлардың саны 3169. Ал 2017 жылы республика бойынша медиаторлардың көмегімен шешімін тапқан даулардың саны 8355, сотта шешілгені - 7724. Үстіміздегі жылдың 5 айында 9213 өтініш келіп түсіп, оның 3046 медиациялық кеңеспен шешімін тапқан.