Астанада медицина қызметкерлері күніне арналған іс-шара өтеді
АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат - 2012 жылғы 15 маусымда Астанадағы «Конгресс-Холл» концерт залында медицина қызметкерлері күніне арналған іс-шара өтеді.
Оған ҚР Мемлекеттік хатшысысы М.Құл-Мұхаммед, ҚР Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекова, Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов, сонымен қатар ҚР Парламенті депутаттары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, денсаулық сақтау саласының еңбек сіңірген қайраткерлері қатысады.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шара барысында «Өз кәсібінің үздігі» республикалық байқауының: «Үздік менеджер - денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушысы», «Үздік дәрігер», «Үздік ауыл дәрігері», «Үздік санитарлық дәрігер, эпидемиолог», «Үздік провизор», «Үздік мейіргер», «Үздік фельдшер», «Денсаулық сақтау саласының үздік тәуелсіз сарапшысы» сияқты сегіз аталымы бойынша жеңімпаздар марапатталады.
Республиканың денсаулық сақтау саласының дамуына зор үлес қосқан медицина қызметкерлері «Денсаулық сақтау саласының үздігі» және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, ҚР Үкіметінің, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Астана қаласы Әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғысхаттарымен марапатталады.