Астанада медицина сапасы қалай арттырылуда

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов медициналық көмек сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанада медицина сапасы қалай арттырылуда

Қаладағы бірқатар аурухана жұмысын тексерген А.Көлгінов, Instagram-парақшасында саланы дамыту бағытындағы жұмыстар жөнінде мәлімет берді.

Бірінші. Шетелдік тағылымдама және оқуға гранттар бөлу
«Біліктілікті арттыру үшін медицина қызметкерлерін шетелге тағылымдамаға жібереміз. Сонымен қатар резидентурада дәрігерлерді тегін оқытуға гранттар санын көбейттік. Мысалы, тек резиндентураға 300-ге жуық грант бөлінді, бұл – жарты миллиард теңге.
Осы дәрігерлерді қалаға қажет мамандықтар бойынша оқытуға мүмкіндік береді. Бұл, сөзсіз, медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуға, мамандарды тартуға ықпал етеді», - деді әкім.
Екінші. Қадамдық қолжетімділік
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша медициналық нысандардың қала тұрғындары үшін қолжетімділігін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Медициналық нысандарды қадамдық қолжетімділікпен қамтамасыз ету үшін «Үй маңындағы дәрігер« нысандарын ашамыз. Өткен жылы 29 «үй маңындағы дәрігер« нысаны ашылды. Жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында әлеуметтік нысандарды ашамыз: оңалту орталықтары, медициналық орталықтар және тағы басқасы», - деді А.Көлгінов.
Үшінші. Медициналық мекемелердің жабдықталуы
«Медициналық мекемелерімізді қажетті жабдықтармен толықтыруды жалғастырамыз. Бүгін бірқатар ауруханаларға, соның ішінде акушерлік блоктарға бардым. Бұл блоктарда медицина қызметкерлері шала туған нәрестелерді де емдейді. Қазіргі уақытта көпбейінді стационарлардағы барлық акушерлік блоктардың жарақтандырылуы 90 пайыздан астамға ұлғайды, сондай-ақ жарақтандырылу үлесін ұлғайтуды жалғастырамыз», - деп атап өтеді астана басшысы.
Мәлім етілгендей, бүгінде №2 көпбейінді қалалық аурухана алдыңғы қатарлы медициналық техника өндірушілерінің заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтарымен жабдықталған. Дегенмен арнайы техниканың тозуы да бар. Осы жылы қосымша компьютерлік томограф (КТ-аппарат) және бірінші кезекте медициналық көмек көрсету үшін қажетті жабдықты қою жоспарланған.

Төртінші. Жаңа медициналық объектілерді салу және қолданыстағыларын жөндеу
«Қала халқының өсуін ескере отырып, медициналық мекемелердің санын жоспарлы түрде ұлғайту, қолданыстағы ауруханалар ғимараттарының жай-күйін сақтау қажет», - деді ол.

«Қала халқының өсуін ескере отырып, медициналық мекемелердің санын жоспарлы түрде ұлғайту, қолданыстағы ауруханалар ғимараттарының жай-күйін сақтау қажет. Мысалы, 2-інші қалалық ауруханада жаңа корпус – қабылдау-диагностикалық орталық саламыз. Онда халыққа компьютерлік томография, МРТ, ангиография және өзге де қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ келесі жылы жаңа перинаталдық орталық салуды жоспарлап отырмыз.

1-ші көпбейінді қалалық ауруханаға келетін болсақ, мұнда жөндеу жұмыстарын жүргізуді қарастырамыз. Өткен жылы қаланың бірқатар медициналық мекемелері жөнделді», - деді А.Көлгінов.

Бесінші. Жедел жәрдем

Қала басшысының айтуынша, науқас пен аурухана арасындағы байланыс – жедел жәрдем.

Медициналық көмек көрсету сапасын арттыру үшін соңғы екі жылда жедел жәрдем автопаркі екі еседен астамға артты. Бұл, пациентке келу уақытын қысқартып қана қоймай, дәрігерлердің жұмысын едәуір жеңілдетуге мүмкіндік берген.