Астанада медициналық қызмет басшыларының курстық даярлығы аяқталды
АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрлықтағы әскерінің медициналық қызмет құрамалары мен бөлімдерінің, әскери-емдеу мекемелері басшыларының курстық даярлығы аяқталды, деп хабарлады ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
«Әскери дәрігерлер он күн бойы алға қойған тапсырмаларды жіктеп талқылап, жас мамандарға емдеу және профилактикалық жұмыстардың қазіргі заманғы әдістемелерін үйретті», - делінген хабарламада.
Ақпаратқа қарағанда, мамандар қазіргі заманғы әскерилерді емдеу-эвакуациялау жүйесінің, жедел медициналық көмек көрсету, әскери-медициналық бөлімшелер мен мекемелердің жұмысын ұйымдастыру мәселелерін қарастырған.
Өңірлік медициналық қызмет басшылары ҚР Қорғаныс министрлігінің жаңа қондырғылармен жарақтандырылған Бас әскери клиникалық госпиталінде болып, «Астана медицина университеті» АҚ Оқу-клиникалық орталығында медицина саласындағы жаңа технологиялармен танысты.
Шара соңында медициналық қызмет басшылары емтихан тапсырып, курстық даярлықтан өткендігі туралы сертификат алды. «Осы күндері олар теория мен практиканы ұштастыра отырып, өз білімдерін жетілдірді, енді қызмет орнына қайтысымен, өз тәжірибелерін әріптестерімен бөлісетін болады», - делінген баспасөз қызметі хабарламасында.